Қара мысық, ақ қар, таңғы 8)

Өткенде жұмысқа бара жатсам, бір қара мысық жаныма келіп, біраз қасымнан кетпей жүріп келді. Бір үн шығармайды ғой, тек анда-санда басын көтеріп, бір қарап қояды. Ойланып келем: "Аш па екен, неге ізімнен қалмайды өзі?" деп, кілт тоқтап ем, әлгі мысық аяғымды шыр айнала бастады. Өзі жып-жылы. Біраз айналды да, бір қарап, артқа қарай кетіп қалды. Мен аң-таң, таңымен көлігін қардан тазалап жатқан бір ағай мүлдем қатып қалған. Қызық!

мысық
3 ноября, 9:46
218

Вирус!!!

Айтыңыздаршы, Касперский байқамайтын не қылған вирус тарап жүр? Әбден жүйкемді құртты. Қаншама жұмыс, қаншама фотосурет кетті... жұмыста паника... (((((

1 ноября, 19:16
502

дудар-айым....

Дудар-айым, дудым
Бір сен үшін тудым,
Шіркін-ай!
Дудар айым, дудым ай....
Мәриям Жагорқызы.
 

Бұйрабас менің махаббатым уысына қысып ап жүрегімді, тыйым етіп тіліме тәтті атын бір күні сағым болып, алыс кетті. "Хош" деді, "ұмыт" деді, "сағынба да, жалынба да, түсіңе енгізбе де, өртенбе жылуы жоқ жалындарға!". Әлім жоқ,сенесің бе, сенсіз демге! Бір жұтым ауаға да зәрумін мен, араша деп уақытты салсам дағы! Жалғыз өзің дертіме дәруім ең, жанымның жылдар бойы аңсағаны. Жауап жоқ, ұзақ түндер тыныштығы, тек жұлдыз жарық беріп жұбатады. Жанарыма тұнады мөлдір шығы тұзды жастың.. тағы да таң атады....

30 октября, 22:32
273

Жан сұлулығы - тән сұлулығы...

Антон Павлұлы) Чеховтың "Ваня ағай" пьесасында: "Адам бойында бәрі де керемет болу керек: келбеті де, киімі де, жаны да, ой да" деген әдемі сөздер бар. Мінсіз адам жоқ дейді, әр кімнің өзіндік бір  кемшілігі бар, біреуге мінезі ұнамайды, біреугі келбеті, ал біреуге тәні. Бәрін де өзгертіп, мінсіздікке талпынуға болады ғой) Сол, Чеховтың айтқанын есіме алсам,өзімді бір кеміс санап кететінім бар. Жан жақты дамудан бөлек, рухани байлыққа кенелуден бөлек, кәдімгі, қарапайым ғана дененің өзін қалыпқа келтіру -мәселе боп тұр..

Содан, астаналықтар, жақсы бір фитнесс-клуб жайлы айтып берсеңіздер.. Әрине, өте қымбат болмау керек))) Әйтпесе онсыз ақ жұқа қалтам көтере алмай қалар)))

30 октября, 19:22
450

Шүберекқұмарлық...

Мен "шүберекқұмарлық"-пен ауырамын. Қымбат брендті киімдер мен дорбалар, бағасы жоғары опа-далап, сағат, аяқ киім десе ішкен асым жерде. Қайдан тап болған бәле екенін сеземін де: бала кезім тоқырау заманға тура келіп, көп әдемі, қымбат, сапалы нәрсе түгіл, дені дұрыс тамаққа ақша жоқ заманда өскендіктен деп топшылап отырмын + кәдімгі нәпсі.

28 октября, 22:19
242

?

Ақырындап есім ауысайын деген сияқты ма, әлде стресстің әсері ме, әйтеуір өзіммен өзім сөйлеп, анализ жасап, кейде айтысып алам. Кейде, бір ойға беріліп, іштей шешімге келіп, сосын бәрін басынан бастап, қайтадан ойланып, түкке тұрғысыз нәрсеге мән беріп жүретінім бар. Бір жерде оқып ем, адам қатты күйзеліске түскен сәтте ми өзінен өзі қорғанып, қайдағы жоқ нәрсеге адамның назарын аударады деп. Мүмкін шын шығар, бірақ дәрігерге барып, әңгіме айтып отыру менің санама жат сияқты.

Жынды болудан қорқам. Ақылға қонымсыз қылық жасап, есім ауысып кетсе деп қорқам. Анау, сәнді ағай ше, Вероника туралы жазған, Паоло Коэльо ме еді? Соның сол бір шығармасында аңыз (ертегі ме?) келтірілген еді ғой: Патша, оның отбасы жән халық туралы. Халық пен патшаның ауыз су ішетін құдықтары бөлек екен, содан бір оңбаған сиқыршы халықтың құдығына у салып, жынды қылады. Патша халқым жынды болды ау деп қайғырып, сан алуан реформалар жасаса, халық өзін емес, Патшаны жын ұрды деп, тақтан түсірмекші болған екен. Сонда патшаның жұбайы:" Біз де халық ішкен судан ішіп, жынды болайық, сонда аман қаламыз" деп кеңес берген екен. Сөйтіп, ақыл патша улы су ішіп, жынды болыпты. Бүкіл халық осылайша есуас болған екен. Осылар сияқты бір күні шатырым қозғалып, миым сальто жасап, айналып түссе, мен оны байқамай да қалатын шығармын...

Біздің тұрған үйде көрші ағай болған, қызы бар еді Юля деген, сол қызы әкесімен ұрыса беретін, сөйтсек әкесі шизофренияның бір түрімен ауырады екен. Бала кезден қалған бейне: үлкен ағай, шашы ақ, өзі қызыл, майкасы бар + айқайлай береді. Жындылық деп соны ұғып жүргем.

Ал шынында, адам санасының түбінде не жатқанын АЛЛА ғана біледі... бәлкім, арамызда жынды деп, мүсіркеп және шеттетіп жүрген (мысалы, генийлар) адамдар негізінде сау, ал біздер, керісінше, ауру шығармыз....

27 октября, 22:47
114

айтылмаған түйін сөз....

Саған, саған талай күндер, талай жылдар асыққам, көз жасымды жасырғанмын жансыз аппақ жастықтан, өзге түгіл, соған дағы білдірмегем мұңымды жүрегімді жаралаған, көңілімді тасытқан. Күттім қанша қара түнде жұлдыз санап, жаңылып! Сағыныштың сары мамық орамалын жамылып, мөлдіреген жанарымнан тамшыларды төксем де, көрмеген ем, білмеген ем сағынғаннан қамығып. Үміт деген үлпілдеген кіп-кішкене шымшықтай, дір-дір етіп, жатты ол да, ләм деместен, үн шықпай.Арман болды қолқанатым, тәтті қиял - тірегім. Білмедім ғой қаларыңды сезімімді дым ұқпай. Ал сол шақтар бағым еді, беймезгілде бұйырған, нұрым болды төбе көктен толастамай құйылған. Білсем сонда бал күндерге шолақ ғұмыр бергенін, аттап өтер едім бәлкім қырық үйлі тыйымнан. Қазір бәрі бұлдыр түстей, жанаспайды өңіммен. Басқа біреу табылады көңіл деген төрімнен. Ал сен болсаң сол баяғы сарқылмайтын сағыныш, ал сен болсаң сағым ғана бір мезетке көрінген.....
27 октября, 19:38
241

Жасыл хризантема, жаңа қосымша жұмыс, жаңа таныстар..

Сіз жасыл хризантема көріп пе едіңіз? Жап - жасыл, кәдімге шөптің түсіндей ерекше гүл. Қызық, ағы мен сарысын, қызыл мен аласын талай сыйға алып едім, бірақ жасылды алғаш рет көруім. Бұл күннің жаңалығы болды... Жалпы әр күні бір жаңалық болып тұрса, күнде өзіңе өмірдің жаңа бір қырын ашып, біліміңе білім қосып тұрса жақсы болушы еді... Бірақ, ғажайыпты көруден қалдым ба, әлде ерекше құбылыстарға етім үйреніп қалған ба, әйтеуір таң қалудан қалдым..

*********

Бүгін жұмысқа Ұлыбритания, Канада, Швейцария елдерінен қонақтар келді. Кездесу тамаша өтті. Жаңа бір танысыма артық болды) Жалпы, бүгін керемет күндердің бірі маған) Көңілім тасып, қуанып жүрген жайым бар))) (олардың суретін ілмеймін :P)

*********

Құрбым ағылшын үйренем деп, енді соған дәріс беретін болдым. Әйтеуір уақытым жетсе екен... Бір жағынан жоқ деп, бетін қайтарсам, өлердей өкпелетіп алам( Уәдемді бердім, ар жағын АЛЛА көрсетер не боларын. Сәттілік тілеңіздерші)))

24 октября, 20:09
186

Ювижн "казахофобтар" мекені ме?

Мында келіп, біраз нәрсені әлі меңгере алмай жүрген түрім бар. Аватар қоя алмадым, мысалы... Маңызды емес бірақ. Маңыздысы, мындағы көп қолданушылар мен ойлағандай мәдениетті емес екен. Құдай біледі, өмірден, қоршаған ортадан, менен ала алмай қалған  не өші бар екенін, бірақ ашулы, қабақтары ашылмайтын "казахофобтар" ма қалай өзі?

?
22 октября, 19:39
308

Ғашық болғым келеді,

Қашанғы қайғырып жүресің? Жаның да шаршайтынын енді білдім...

20 октября, 20:02
709
  • 2
  • 1